«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы облысының іскер әйелдеріне «Мен Кәсіпкер» құралы таныстырылды

2023 жылғы 03 Мамыр
- Алматы облысы
10569 просмотров

Бүгін Қонаев қаласының Орталық қалалық кітапханасы алаңында іскер әйелдерді «Мен Кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» құралымен таныстыру бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Іс-шара облыс өңірлерінен 30-дан астам кәсіпкер әйелдерді жинады.

Жиынды Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қуандық Чункунов ашып, жобаның жергілікті брендтерді құруға, сондай-ақ халықаралық және республикалық сауда алаңдарына шығуға маркетингтік қолдау көрсетуге көмектесетінін атап өтті.

«Жаңа құралдың тұсаукесері кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерді, микро және шағын бизнес өкілдерін ақпараттандыру, салалық сарапшылар қауымдастығын белсенді тарту, жұмыстың ашықтығы мен жариялылығы мақсатында өткізіліп отыр», - деп сөз бастады Қуандық Чункунов.

Қонаев қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Исканова Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының маңыздылығына тоқталып, орталықпен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Шара аясында Алматы облысы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының тәлімгері Бақытгүл Елшібаева аталған бағдарламаның құралдарымен таныстырды.

Негізгі базалық бағыттар:

«Кәсіпке бағыт» салалық оқуы» кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында құзіреттілік пен бейіндік оқытуды қамтиды.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары» – іскер әйелдерге және кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге қызмет көрсету желісі.

«Бір ауыл – бір өнім» – аудан, ауыл деңгейінде жергілікті өнімнің бірегей түрлерін жасау, оқыту және консультациялық қолдау көрсету арқылы сапасын арттыру.

Сондай-ақ, кездесу барысында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары және жұмыс орындарын субсидиялау туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, облыс аумағында әйелдерді жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бойынша жүргізіліп жатқан шаралар жөнінде айтылды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда белсенді жұмыспен қамту жобасына 5440 әйел қатысты, оның ішінде 93,6% ауылдық жерден болып табылады.

Сонымен қатар, ұлттық жоба шеңберінде жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша 845 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспарлануда.

 «Бүгінде мемлекет тарапынан барлық қолдау шаралары, оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту үшін де ұсынылады. Бұл тиісті білім, өз ісін ұйымдастыру немесе кеңейту үшін қажетті ресурс алғысы келетін әйелдерге тамаша мүмкіндік», -  деп түйіндеді Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Талғат Малтықбаев.

Конференцияның қорытынды бөлімінде қатысушылар іскер әйелдердің проблемалары мен қажеттіліктерін анықтау бойынша сауалнамадан өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер